Жиналыстың негізгі мақсаты – ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін кеңінен талқылау болды.
Іс-шараға арнайы қонақтар қатысып, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Ақтау қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Ахботин Хамит сөз сөйлеп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық жауапкершілік, заң талаптарын сақтау және ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, Ақтау қаласы 7/9 шағын ауданының учаскелік инспекторы, полиция майоры Мұхамеджанов Ерлан қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздік шаралары және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында маңызды ақпараттар ұсынды.
Жиналыс барысында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Қатысушылар бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтті.
